Шымкенттің үздік өнімдері арбат алаңында
- Категории: Жаңалықтар
- Дата: 19 June 2023
Шымкентте «Қазақстанның үздік тауары-2023» конкурсының өңірлік іріктеу кезеңі басталды. Қаланың Арбат алаңында ашық аспан астында өтіп жатқан іс-шараға шаһардың 70-тен аса кәсіпкері өз өнімін ұсынған.
Жалпы республикалық байқауға іріктеу кезеңі екі күнге жалғасады.
Халық арасында отандық өнім мен оның сапасы жайлы кеңінен насихаттайтын байқауға кәсібін жаңадан бастаған өндірушілер мен алып компаниялар қатысуда.
Бұл жерде ірі кәсіпорындар ғана емес, шағын бизнес өкілдері де өзін таныстыруға мүмкіндік алады. Көрмеде отандық өндірушілердің өнімін аралап шыққан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бес жыл ішінде қаламызда өндіріс орындары 2 есеге өскенін, әкімдік тарапынан индустриалды аймақтар құрылысын қолға алғанын айтты.
–Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғаннан кейін экономикалық дамуында үлкен серпіліс орын алды. Осы бес жылдың ішінде өндіріс көлемі 2 есеге артты. Қазір қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрылған. Өндіріс алаңында 358 млрд.теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Мұндай қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 млрд. теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылып, 12 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Өндіріс орындарының көптеп ашылуы халық тұтынатын өнімдерді өз елімізде өндірілуіне, бағасының колжетімді болуына алып келеді. Өйткені күнделікті дүкен сөресінде көріп жүрген тауарлар өз қаламызда өндірілетіні қуантты. Бүгінгі байқауға қатысып жатқан барлық кәсіпкерге сәттілік тілеймін, – деді Мақсұт Пернебайұлы.